Жаппай сапалы білім беру шарты ретінде электронды оқулықтар негізінде оқыту үдерісін технологияландыру – Солтүстік Қазақстан облысының жобасы

Электронды оқулықтарды апробациялау Ұлттық ақпараттандыру орталығының (Президент, п.ғ.д., профессор Нұрғалиева Г.Қ.) бастамасымен «Білім беру үдерісін технологияландыру – жаппай сапалы білім берудің шарты» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Жоба бір жағынан мұғалімдерге, оқушыларға және ата-аналарға арналған ақпараттық-білім беру ортасы болып табылатын инновациялық педагогикалық өнім ретінде электрондық оқулықтарды жаңартуға, ал екінші жағынан - пәндердің интерактивті қашықтықтан өзара әрекеттесуі ретінде электрондық оқыту технологиясына бағытталды.

Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының 16 шағын жинақты мектебі мен 1 гимназиясы базасында жүзеге асырылды. Экспериментке 158 мұғалім, 1-11-ші сыныптардың 1917 оқушысы қатысты.

17 мектеп базасында жүргізілген пилоттық  жоба электрондық оқытудың оқушылардың оқу үлгерімінің сапасын арттыруға айтарлықтай әсер етеді деген болжамымызды растады.

Сонымен, пилоттық жобаның нәтижесі қандай?

158 сыныптың 133-і оқудың оң динамикасын көрсетті, бұл 84,2 пайыз. Солтүстiк Қазақстан облысындағы эксперименталды мектептердiң мұғалiмдерiмен бiрлесе отырып, электронды оқулықтардың  шын мәнінде мектеп оқушыларының үлгерім сапасын 2-3 есе жақсартатынына көз жеткіздік.

Бұған қол жеткізілген нәтижелер айқын дәлел: егер, бірінші тоқсанда «үштік» бағаға оқыған оқушылар саны 677 болса, екінші тоқсанда олар 207-ге азайған, бұл ретте бестік алған оқушылар саны 201-ге артқан.

Тағы бір маңызды жайт, Солтүстік Қазақстан облысында электронды оқулықтарды пайдаланып оқыған 200 бала бір тоқсанда «үшке оқитын» оқушы санатынан «жақсы оқитын» және «үздік оқитын» оқушылар санатына көшкен.